Тәһажжуд намазы.
Артықшылығы:
Тәһажжуд намазы күндізгі нәпілдерден абзал саналады және оныңартықшылығын баяндайтын хадистер өте көп. Мысалы, Әбу Һурайра (Аллаһ оған разы болсын) Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын):
«Парыз намазынан кейінгі ең абзал намаз – түнгі намаз», – деп айтқанын жеткізген.
«Сахих Муслим»: 2/821.
Әбиу Умаама (Аллаһ оған разы болсын) Аллаһ елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын):
«Сендер түнгі намазды оқуға тиістісіңдер! Расында, ол – алдарыңда өткен ізгілердің әдеті. Ол сендерді Аллаһ тағалаға жақындатады, жаман істеріңді жойып, күнәдан тоқтатады және іштарлықты қуады», – деп айтқанын жеткізген.
«Сунан ат-Тирмизи»: 1/497. Дәрежесі: сахих.
Үкімі:
Тәһажжуд намазының үкіміне қатысты ғұлама Ибн Абидин (Алла оны рақым етсін): «Үкімінің сүннет не мустахаб екенін анықтауда Ибн әл-Һумам (Алла оны рақым етсін) «әл-Фатх әл-Қадирде» көп қобалжыған. Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сөзіне негізделген дәлелдер амалдың мустахаб екенін, ал әрдайым тастамаған ісіне негізделген дәлелдер сүннетті білдіреді. Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өз еркімен бастаған қандай да бір амалды әрдайым атқарса, біз үшін ұстануға сүннет болады. Бұл – бір топ ғұламалардың көзқарасы. Ғұламалардың екінші тобы: «Тәһажжуд пайғамбардың жеке өзіне парыз болғандықтан, оны әрдайым атқаруы бізге қатысты сүннетті білдірмейді. Алайда Мүслімнің және басқалардың Айша анамыздан (Аллаһ тағала оған разы болсын) жеткізген хадисте оның әуел баста парыз болып, сосын парыз үкімі жойылғаны ашық айтылған. Ибн әл-Һумамның (Алла оны рақым етсін) айтқан түйіні – осы. Бұл сөздерден алынатын мағына – тәһажжудтың бізге қатысты сүннет болуы. Өйткені Аллаһтың елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) тәһажжудтың жеке өзіне қатысты парыз үкімі өшкеннен кейін де оны дайым атқарған. Сондықтан «әл-Хилья» кітабында: «Сүннетке көбірек ұқсайды», – деді деген.
«Радд әл-Мухтар»: 5/179.
Рәкағаттарының саны:
Тәһажжуд намазының рәкағат санына қатысты сүннет: ең азы – екі рәкағат, ортасы – төрт, ең көбі – сегіз рәкағат. Кейін үш рәкағат үтір уәжіп үкімімен оқылады. Бұған Айша анамыздың (Аллаһ оған разы болсын):
«Аллаһтың елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) түнгі намазын рамазан айында болсын, басқа айларда болсын он бір рәкағаттан асырмай оқитын. Алдымен, төрт рәкағат оқитын. Олардың әдемілігі мен ұзақтығын айтсаңшы! Кейін төрт рәкағат оқитын. Олардың да әдемілігі мен ұзақтығын айтсаңшы! Кейін үш рәкағат оқитын», – деген хадисі негіз болады.
«Сахих әл-Бухари»: 3/7., «Сахих Муслим»: 2/166.
Аммар ибн Әли аш-Шурунбуләли (Алла оны рақым етсін) «Марақи әл-Фалахында»: «Түнгі намаз, әсіресе, соңғы үшінші бөлігінде, күндізгі нәпілден абзал, өйткені бұл нәпсіге ең ауыр уақыт және Аллаһ Тағала: «Жамбастары төсектерден ажырайды, қорыққан және үміт еткен түрде Раббыларына жалбарынады» «ас-Сажда»: 16., – деген.
Қиямның ұзақтығы күндіз болсын, түнде болсын, сәжденің көптігінен абзал. Бұл Аллаһ елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Ең абзал намаз – қиямы ұзақ болғаны», – деген. Өйткені қиямның ұзақтығымен қирағаттың да ұзақ болуы жүзеге асады, ал рүкүғ пен сәжденің көптігімен таспих көп жасалады, сондықтан қирағат таспихтан абзал», – деген.
«Марақи әл-Фалях»: 172.